3 жыл ішінде «Ансаған Саби» бағдарламасының арқасында 7 мың нәресте дүниеге келді

Все статьи
14 қыркүйек, 2026
Алматы

Аталған іс-шараға еліміздің әр өңірінен 100-ден астам ата-ана жиналды. Олар сәби сүю мақсатымен елордадағы мамандарға жүгініп, армандарына қол жеткізген отбасылар. Мерекелік шарада олар бір-бірімен кездесіп, қуаныштарымен бөлісті.

Мерекелік кеште Қазақстандағы экстракорпоралдық ұрықтандыру зертханасының негізін қалаушы Салтанат Байқошқарова және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сөз сөйлеп, балалар мен ата-аналарды мерекемен құттықтады.

«Біз мұнда 2020 жылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Аңсаған сәби» бағдарламасының нәтижелерінің бір бөлігін ғана көру үшін жиналдық. Соңғы үш жылда, яғни осы бағдарлама іске қосылғаннан бері республикада экстракорпоралдық ұрықтандырудың арқасында 7 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Бұған дейін осындай жолмен сәби сүюді қалайтын азаматтарға бюджеттен 1000 квота бөлінетін болса, Президенттің тапсырмасымен квота саны 7 есеге артты. Ол кезде кезегін күткен ата-аналар көп болып, күту мерзімі 7–8 жылға дейін жететін. Қазір жыл сайын 7 мың квота бөлінуінің арқасында күту мерзімі 12 айға дейін қысқарды. Бұл тіпті халықаралық стандарттар бойынша да жақсы көрсеткіш», — деді министр БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Сондай-ақ ол «Аңсаған сәби» бағдарламасының тиімділігі үздік халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін атап өтті.

«Үш жыл ішінде 21 мың квота бөлінді, оның 7 мыңы нәтижелі болып, дені сау сәбилер дүниеге келді. Бұл да халықаралық стандарттармен салыстырғанда өте жақсы көрсеткіш. «Экомед» орталығының мамандары, репродуктолог ғалымдар мен ата-аналар «Аңсаған сәби» бағдарламасының жоғары тиімділігі туралы айтып, бірқатар ұсыныстарын білдірді. Олардың басым бөлігі көлемдер мен тарифтердің құнына қатысты болды. Мамандармен ақылдаса отырып, барлық мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған бұл бағдарламаның қолжетімділігін халық та сезініп отыр. Мамандарымыз да жеткілікті. Бұл бағытта біз Орталық Азияда көшбасшыға айналдық. Шетелден де келетін азаматтар аз емес», — деді Ақмарал Әлназарова.

Фестиваль аяқталғаннан кейін министр А. Әлназарова мен «Экомед» клиникалар тобының елордадағы орталығының медициналық директоры Алмаз Ибрагимов «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында дүниеге келген екі сәбидің тұсауын кесу рәсімін өткізді.