Жатырдың дисфункционалды қан кетуі
Дисфункционалдық жатырдан қан кету (ДЖҚК, функционалдық жатырдан қан кету) — жыныстық гормондардың өндірілуінің бұзылуынан туындайтын және жалпы аурулармен немесе жүктілікпен байланысты емес жатырдан патологиялық қан кету.
Себептері:
Орталық және шеткері жүйке жүйесінің органикалық және функционалдық аурулары.
Кәсіби зиянды факторлардың (химиялық және физикалық) әсері.
Зат алмасудың бұзылуы.
Инфекциялық аурулар.
Гинекологиялық аурулар.
Репродуктивтік ағзалардың туа біткен жетілмеуі.
Организмнің жасқа байланысты қайта құрылуы.
Қан кету жасөспірімдік, репродуктивтік және климактериялық кезеңдерде пайда болуы мүмкін. Қан кетудің салдарынан анемия дамиды.
Симптомдары
Негізгі симптом — қынаптан қарқындылығы әртүрлі қанды бөлінділердің бөлінуі. Бұл бөлінділер қалыпты етеккірден келесі белгілері бойынша ерекшеленеді:
бөлінетін қан көлемінің көп болуы;
қан кетудің ұзаққа созылуы;
циклділіктің бұзылуы;
жыныстық қатынастан кейін қанның пайда болуы;
климактериялық кезеңде мол қанды бөлінділердің пайда болуы;
аменорея кезеңдерінен (1,5 ай және одан да ұзақ) кейін қарқындылығы мен ұзақтығы әртүрлі қан кетулердің пайда болуы.
Сонымен қатар жалпы әлсіздік, бас айналу, физикалық жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, тері жабындары мен көзге көрінетін шырышты қабаттардың бозаруы, бас ауруы және тәбеттің төмендеуі мазалауы мүмкін.
Диагностикасы
Қажетті тексерулердің сипаты мен көлемін гинеколог анықтайды, бірақ кез келген жағдайда диагностика анамнез жинаудан, жалпы және гинекологиялық тексеруден басталады. Гинекологиялық УДЗ жүргізіледі, қандағы гормондардың мөлшері анықталады, сондай-ақ қандағы темір деңгейі мен қанның ұю жүйесінің жағдайы міндетті түрде бағаланады.
Емі
Емдеу кешенді түрде жүргізіледі. Ең алдымен қан тоқтатуға бағытталған терапия жүргізіледі. Репродуктивтік жастағы әйелдерде гормондық препараттардың көмегімен етеккір функциясы реттеледі, жалпы нығайтушы және анемияға қарсы терапия жүргізіледі. Қажет болған жағдайда жатыр қуысын диагностикалық қыру жүргізіледі.