Менструалға дейінгі синдром
Етеккір алдындағы синдром (ЕАС, етеккір алдындағы ширығу синдромы, етеккір алдындағы жағдай, етеккір алдындағы ширығу, етеккірлік психосоматикалық бұзылыс) — етеккірдің алдында пайда болатын және етеккір циклінің екінші фазасының патологиялық өтуін сипаттайтын әртүрлі клиникалық симптомдар жиынтығы. Шамамен әрбір үшінші әйел бұл синдромды сезінеді.
Себептері
ЕАС келесі себептерден туындауы мүмкін:
етеккір циклінің екінші фазасында эстроген мен прогестерон теңгерімінің бұзылуы;
пролактин өндірілуінің жоғарылауы;
қалқанша без функциясының бұзылуы;
су-электролит теңгерімінің бұзылуы;
гиповитаминоз;
генетикалық бейімділік;
жиі болатын күйзелістер мен жанжалды жағдайлар.
ЕАС бар әйелдерге тән психологиялық ерекшеліктер ретінде дене бітімінің арық болуы, ашушаңдық және өз денсаулығының жағдайына шамадан тыс алаңдаушылық сипатталады. ЕАС-тың келесі түрлері ажыратылады: психовегетативтік, ісінулік, цефалгиялық, криздік, атипиялық және аралас.
Симптомдары
Симптомдар етеккір басталғанға дейін 2-10 күн бұрын пайда болады. Етеккір басталғаннан кейін симптомдар әлсірейді немесе толығымен жойылады. Барлық симптомдар физикалық және психологиялық болып бөлінеді.
Физикалық симптомдары:
сүт бездерінің ауыруы және сезімталдығының жоғарылауы, сүт бездерінің ісінуі;
аяқтардың төменгі бөлігінің ісіңкілігі, дене салмағының аздап артуы;
мигрень тәрізді бас ауруы;
жүрек айнуы, құсу;
бұлшықеттердің, буындардың және бел аймағының ауыруы;
шөлдеу және жиі несеп шығару;
тұзды немесе тәтті тағамдарға құмарлық;
тахикардия және беттің қызаруы;
теріде бөртпелердің пайда болуы.
Психологиялық симптомдары:
көңіл күйдің үнемі өзгеруі;
жабырқаңқы күй;
тұрақты психологиялық ширығу, ашушаңдық;
ұзақ ұйықтау немесе ұйқысыздық;
есте сақтау қабілетінің бұзылуы;
үрейлі жағдай;
суицидтік ойлар;
агрессивті мінез-құлық.
Диагностикасы
Диагностика пациенттің шағымдары мен анамнез деректерін ескере отырып жүргізіледі. Кейде бұл мәліметтер гинекологиялық тексерудің өзінен де ақпаратты болуы мүмкін. Диагноз етеккір циклінің екі фазасында қандағы пролактин, эстрадиол және прогестерон гормондарының деңгейін анықтау арқылы расталады.
ЕАС-тың ісінулік түрі циклдің екінші фазасында прогестерон деңгейінің төмендеуімен сипатталады, ал нейропсихикалық, цефалгиялық және криздік түрлерінде пролактин деңгейі жоғарылайды.
ЕАС түріне байланысты қосымша тексерулердің көлемі де анықталады: психовегетативтік және цефалгиялық түрлерінде невролог пен психиатрдың консультациясы тағайындалады; сүт бездерінде ауырсыну болған жағдайда етеккір циклінің бірінші фазасында маммография, сүт бездерінің УДЗ жүргізіліп, маммологтың консультациясы тағайындалады; бас ауруы болған жағдайда электроэнцефалография, брахиоцефалдық артериялардың УДЗ, мидың КТ және МРТ зерттеулері жүргізіліп, неврологтың консультациясы тағайындалады; ісінулік түрінде тәуліктік диурез зерттеледі; криздік түрінде артериялық қысым бақыланып, терапевттің консультациясы тағайындалады.
Емі
Емдеу кешенді түрде жүргізіледі. Келесі препараттар топтары қолданылады:
Психотроптық және седативтік препараттар. Олар ЕАС бар барлық пациенттерге тән психоэмоциялық симптомдарды емдеу үшін қажет. Бұл препараттар кемінде 2 айлық курспен тағайындалады.
Гормондық препараттар. Жыныстық гормондар деңгейін тұрақтандыру үшін қолданылады.
Диуретикалық дәрілер. Ісіну болған жағдайда тағайындалады.
Симптоматикалық терапияға стероидты емес қабынуға қарсы препараттар (ҚҚСП), аллергиялық көріністер болған жағдайда антигистаминдік препараттар, В тобының дәрумендері және магний препараттары кіреді.
Емдеу ұзақтығы ауру көріністерінің ауырлығына байланысты 3 айдан 6 айға дейін созылады.