Эпидидимит
Эпидидимит — ерлерде кездесетін, аталық без қосалқысының қабынуымен сипатталатын қабыну ауруы. Аталық без қосалқысы — аталық безді шәует шығару өзегімен байланыстыратын түтікше. Қосалқының қабынуы аталық бездің қабынуына әкеліп, ерлер бедеулігінің дамуына себеп болуы мүмкін.
Аталық без қосалқысы — сау сперматозоидтардың жетілуін, жиналуын және қозғалуын қамтамасыз ететін жұп жыныс мүшесі. Эпидидимит инфекциялық аурулардан, көбінесе жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан немесе венерологиялық аурулардан туындайды.
Көп жағдайда біржақты эпидидимит кездеседі. Ауру ауыр түрде өткен кезде екі аталық без қосалқысының да бір мезгілде қабынуы мүмкін.
Аталық без қосалқылары қабынуының екі түрі ажыратылады: жедел және созылмалы.
Жедел түрі айқын қабынумен, дене температурасының күрт жоғарылауымен, жүрек айнуы және құсу түріндегі интоксикация белгілерімен сипатталады. Шұғыл емдеу шаралары жүргізілмесе, іріңді абсцесс, қосалқы тіндерінің некрозы немесе сепсис дамуы мүмкін.
Созылмалы түрі жедел эпидидимиттен кейін және оны уақтылы емдемеу салдарынан дамуы мүмкін. Созылмалы эпидидимит аталық без қосалқысы тіндерінің тыртықтануына әкелуі мүмкін. Соның салдарынан оның өзегі толық бітеліп, бедеулікке себеп болуы ықтимал.
Эпидидимиттің симптомдары
Шап пен ұма аймағындағы ауырсыну;
Аталық без қосалқысының тығыздалуы, ауырсынуы және ұлғаюы;
Уретрадан бөлінділердің пайда болуы;
Несепте қанның немесе басқа бөлінділердің болуы;
Несеп шығару кезінде ашыту және ауырсыну;
Жүрек айнуы, қызба, дене температурасының жоғарылауы.
Эпидидимиттің пайда болу себептері
Жыныстық жолмен берілетін инфекциялар;
Венерологиялық аурулар;
Қуықасты безінің аденомасы;
Ұманың жарақаттары;
Туберкулез;
Несеп шығару өзегі арқылы жүргізілетін медициналық манипуляциялар.