Этика кодексі
«ЭКОМЕД» ФИРМАСЫ ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ ӘДЕП КОДЕКСІ
«ЭКОМЕД» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерінің Әдеп кодексі (бұдан әрі — Кодекс) кәсіби медициналық қызметті жүзеге асыру кезінде медициналық және әлеуметтік қызметкердің (бұдан әрі — «ЭКОМЕД» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерлері) мінез-құлқының әдеп нормалары мен қағидаттарының жиынтығын айқындайтын құжат болып табылады. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 31-тарауының 184-бабы негізінде әзірленген.
Осы Кодекс «ЭКОМЕД» ФИРМАСЫ ЖШС, қоғам және пациент арасындағы қарым-қатынастарды айқындайды және жеке тұлғаның әрі жалпы қоғамның құқықтарын, қадір-қасиеті мен денсаулығын қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ «ЭКОМЕД» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерінің өз қызметі үшін қоғам алдындағы жоғары моральдық жауапкершілігін белгілейді.
I БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерлерінің Әдеп кодексі медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің өз қызметі үшін азаматтар мен жалпы қоғам алдындағы моральдық жауапкершілігін айқындайды.
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерлері өз қызметінде мынадай моральдық және әдеп қағидаттарын басшылыққа алуға тиіс:
осы Кодексті және Ар-намыс кодексін басшылыққа алу;
Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын нығайтуға ықпал ету;
шешімдерді тек пациенттің мүддесі үшін қабылдау;
Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметкерінің жоғары мәртебесіне нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттерге жол бермеу;
өзінің қызметтік міндеттерін адал және сапалы орындау;
кәсіби білімін үздіксіз жетілдіру;
жеке пайда табу мүддесін басшылыққа ала отырып, профилактика мен емдеу әдістері мен құралдарын жарнамалауға және пайдалануға жол бермеу;
еңбек тәртібін бұлжытпай сақтау;
Орталықтың мүлкіне ұқыпты қарау және оны тиімді пайдалану, сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұру;
қызметтік ақпаратты пайдакүнемдік және өзге де жеке мақсаттарда пайдалануға жол бермеу;
жеке үлгісімен ұжымда тұрақты әрі жағымды моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға ықпал ету;
басқа медициналық және фармацевтикалық қызметкерлер тарапынан Ар-намыс кодексі нормаларының бұзылуына жол бермеу және мұндай фактілердің жолын кесу;
қызметтік міндеттерін орындау кезінде белгіленген киім үлгісін сақтау.
Пациенттермен қарым-қатынаста «Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерлері:
адамның жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, азаматтығына, шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына немесе өзге де мән-жайларға қарамастан оның құқықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;
мұқтаж әрбір адамға медициналық көмек көрсетуге;
адам өмірін сақтау жөніндегі өзінің борышын үнемі есте ұстауға;
азаматтардың мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтуға ықпал етуге;
пациенттерге қатысты қаржылық және өзге де бопсалау фактілеріне жол бермеуге, әріптестері тарапынан осындай әрекеттердің жолын кесуге күш салуға;
өз әрекеттерімен қоғам тарапынан негізді сынға себеп бермеуге, сынға төзімділікпен қарауға, кемшіліктерді жою және өзінің кәсіби қызметін жақсарту үшін сындарлы сынды пайдалануға тиіс.
Әріптестерімен қарым-қатынаста «Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерлері:
жалпы қабылданған моральдық-әдеп нормаларын сақтауға, сыпайы және әдепті болуға;
пациенттің мүддесі талап еткен жағдайда риясыз көмек көрсетуден бас тартпауға және өзі де әріптестерінен кеңес сұрауға;
басқа медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби біліктілігіне көпшілік алдында күмән келтірмеуге;
Қазақстан медицинасының дәстүрлері мен жетістіктерін дамытуға тиіс.
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері өзінің біліктілігі мен құзыреті шегінде азаматтардың денсаулығын қорғауға және көрсетілетін көмектің сапасын барынша жоғары деңгейде қамтамасыз етуге барлық күш-жігерін жұмсауға тиіс.
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері жынысына, жасына, нәсіліне және ұлтына, тұрғылықты жеріне, әлеуметтік мәртебесіне, діни және саяси сенімдеріне, сондай-ақ медициналық емес өзге де факторларға қарамастан кез келген адамға медициналық көмек көрсетуге міндетті.
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері өзінің біліктілігіне, лауазымдық нұсқаулықтарына және қызметтік міндеттеріне сәйкес қолда бар ресурстар шегінде сапалы және қауіпсіз медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін, оның ішінде моральдық тұрғыдан да жауапты болады.
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерінің моральдық міндеті — медициналық қауымдастықтың абыройын сақтау, әріптестерінің де, өзінің де қателіктерін бейтарап талдау. Пациенттердің денсаулығына зиян келтіретін адал емес және біліксіз әріптестердің, сондай-ақ әртүрлі кәсіби емес тұлғалардың қызметіне жол бермеу.
Медициналық және әлеуметтік қызметкердің қоғамдағы рөлін ескере отырып, ол қоғамдық іс-шараларды, әсіресе салауатты өмір салтын насихаттайтын іс-шараларды қолдауға және оларға мүмкіндігінше қатысуға тиіс.
II БӨЛІМ. «ЭКОМЕД» ФИРМАСЫ ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРІНІҢ ЖОЛ БЕРІЛМЕЙТІН ӘРЕКЕТТЕРІ
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерінің өз білімі мен қызметтік жағдайын теріс пайдалануы оның кәсіби қызметімен үйлеспейді.
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерінің:
өз білімі мен мүмкіндіктерін ізгілікке жатпайтын мақсаттарда пайдалануға;
жеткілікті негіздерсіз медициналық шараларды қолдануға немесе оларды көрсетуден бас тартуға;
пациентті жазалау мақсатында, сондай-ақ үшінші тұлғалардың мүддесі үшін пациентке медициналық ықпал ету әдістерін қолдануға;
пациентке өзінің философиялық, діни және саяси көзқарастарын таңуға;
пациентке қасақана немесе абайсызда физикалық, моральдық немесе материалдық зиян келтіруге, сондай-ақ осындай зиян келтіретін үшінші тұлғалардың әрекеттеріне немқұрайлы қарауға құқығы жоқ.
«Экомед Плюс» ЖШС қызметкерінің жеке теріс түсініктері және өзге де кәсіби емес себептері диагностика мен емдеуге әсер етпеуге тиіс.
Пациенттің ұсынылған ақылы медициналық қызметтерден бас тартуы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оған тегін көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігінің төмендеуіне, түрлері мен көлемінің азаюына себеп бола алмайды.
Пациенттерден сыйлық алу және пациенттерге сыйлық беру өте жағымсыз, өйткені бұл сыйлық бермейтін немесе алмайтын пациенттерге аз көңіл бөлінеді деген түсінік қалыптастыруы мүмкін. Сыйлықтар қызметтердің орнына берілмеуге немесе қабылданбауға тиіс. Қолма-қол ақша немесе бағалы сыйлықтар түріндегі сыйақыларды қабылдауға тыйым салынады.
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерінің өзінің қызметтік жағдайын және пациенттің эмоционалдық күйін пайдалана отырып, онымен мүліктік мәмілелер жасасуға, оның еңбегін жеке мақсаттарда пайдалануға, сондай-ақ бопсалаумен және парақорлықпен айналысуға құқығы жоқ.
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері пациентке емдеу курсын тағайындау кезінде қолданылатын дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдар туралы жалған, толық емес немесе бұрмаланған ақпарат беруге, оның ішінде бағасы төмен дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың бар екендігі туралы ақпаратты пациенттен жасыруға құқылы емес.
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері дәрілік препараттарды өндіруші және таратушы компаниялардан олар ұсынған дәрілерді тағайындағаны үшін сыйақы алмауға, медициналық ұйым аумағында компанияның логотипі немесе дәрілік препараттың, медициналық бұйымның сауда атауы бейнеленген заттарды пайдаланбауға тиіс.
Лауазымдық міндеттерін орындау кезінде медицина қызметкері мас күйде болмауға және тұрақты тәуелділік тудыратын қандай да бір заттардың әсерінде болмауға тиіс.
Кәсіби тәуелсіздік
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерінің құқығы әрі міндеті — өзінің кәсіби тәуелсіздігін сақтау. Жаңа туған нәрестелерге және қарт адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға, әскери қызметшілер мен азаматтық тұлғаларға, жоғары лауазымды басшылар мен қамаудағы адамдарға медициналық және әлеуметтік көмек көрсете отырып, денсаулық сақтау қызметкері кәсіби шешім үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алады, сондықтан әкімшілік, пациенттер немесе өзге тұлғалар тарапынан жасалатын кез келген қысымға жол бермеуге міндетті.
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері қандай да бір жеке немесе заңды тұлға одан Қазақстан Республикасының заңнамасына, әдеп қағидаттарына немесе кәсіби борышына қайшы келетін әрекеттерді талап етсе, онымен ынтымақтастықтан бас тартуға тиіс.
Сараптамаларға, консилиумдарға, комиссияларға, консультацияларға және т.б. қатысқан кезде «Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері өзінің ұстанымын анық әрі ашық білдіруге, өз көзқарасын қорғауға, ал оған қысым жасалған жағдайда құқықтық және қоғамдық қорғауға жүгінуге міндетті.
III БӨЛІМ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҚЫЗМЕТКЕРІ МЕН ПАЦИЕНТ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС
Пациенттің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері пациенттің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, оған және оның жақындарына мұқият әрі шыдамдылықпен қарауға тиіс.
Пациентке дөрекі және ізгілікке жатпайтын қарым-қатынас жасауға, оның адами қадір-қасиетін кемсітуге, сондай-ақ «Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері тарапынан қандай да бір пациенттен өзін жоғары қоюға, пациенттердің біріне артықшылық немесе жақтырмаушылық білдіруге жол берілмейді.
Медициналық және әлеуметтік көмек көрсету шарттары
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері медициналық және әлеуметтік көмекті пациенттің еркіндігі мен қадір-қасиетін мүмкіндігінше аз шектейтін жағдайларда көрсетуге тиіс.
Мүдделер қақтығысы
Пациент-қоғам, пациент-отбасы және т.б. мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда «Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері, егер пациенттің мүддесін іске асыру оның өзіне немесе айналасындағыларға тікелей зиян келтірмесе, пациенттің мүддесіне басымдық беруге тиіс.
Медициналық құпия
Пациент «Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерінің барлық медициналық ақпаратты және оған сеніп тапсырылған жеке ақпаратты құпия сақтайтынына сенуге құқылы. «Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері пациенттің немесе оның заңды өкілінің рұқсатынсыз тексеру және емдеу барысында алынған мәліметтерді, оның ішінде медициналық көмекке жүгіну фактісінің өзін де жария етуге құқылы емес.
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері медициналық құпияның жария етілуіне жол бермейтін шаралар қабылдауға тиіс. Пациенттің қайтыс болуы медициналық құпияны сақтау міндетінен босатпайды. Медициналық құпияны жария етуге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жол беріледі.
Денсаулық сақтау қызметкерін таңдау
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері одан әрі емделуін немесе патронажын басқа маманға сеніп тапсыру туралы шешім қабылдаған пациентке кедергі келтіруге құқылы емес.
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері пациентті басқа маманға жібере отырып, онымен жұмыс істеуден мына жағдайларда бас тарта алады:
егер өзін жеткілікті құзыретті деп санамаса немесе тиісті көмек түрін көрсету үшін қажетті техникалық мүмкіндіктері болмаса;
медициналық және әлеуметтік көмектің осы түрі маманның моральдық қағидаттарына қайшы келсе;
емдеу және тексеру мәселелері бойынша пациентпен немесе оның туыстарымен қайшылықтар туындаса.
IV БӨЛІМ. МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ӨЗАРА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ
Әріптестер арасындағы қарым-қатынас
«Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерлері арасындағы қарым-қатынас өзара құрмет пен сенімге негізделіп, пациенттің мүдделерін сақтаумен ерекшеленуге тиіс.
Әріптестерімен қарым-қатынаста «Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкері адал, әділ, ізгі ниетті, әдепті болуы, олардың білімі мен тәжірибесіне құрметпен қарауы, сондай-ақ өз тәжірибесі мен білімін оларға риясыз беруге дайын болуы тиіс.
Басқа қызметкерлерге басшылық етудің моральдық құқығы жоғары кәсіби құзыреттілік пен жоғары адамгершілік деңгейін талап етеді.
Әріптеске бағытталған сын дәлелді және қорламайтын сипатта болуы тиіс. Әріптестің жеке тұлғасы емес, кәсіби әрекеттері сынға алынуға тиіс. Әріптестердің беделін түсіру арқылы өзінің беделін арттыру әрекеттеріне жол берілмейді. «Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерінің пациенттер мен олардың туыстарының қатысуымен өз әріптестері және олардың жұмысы туралы жағымсыз пікір айтуға құқығы жоқ.
Медициналық мейіргер дәрігер тағайындаған медициналық манипуляцияларды дәл әрі білікті орындауға міндетті. Медициналық мейіргердің жоғары кәсібилігі — медициналық мейіргер мен дәрігер арасындағы жолдастық, әріптестік қарым-қатынастың аса маңызды моральдық факторы.
Дәрігер мен медициналық мейіргердің кәсіби міндеттерін орындау кезінде шектен тыс еркін, қызметтік емес сипаттағы қарым-қатынасы медициналық әдеп тұрғысынан құпталмайды. Егер медициналық мейіргер дәрігердің емдеу жөніндегі ұсынымдарының орындылығына күмәнданса, ол бұл жағдайды әдепті түрде алдымен дәрігердің өзімен талқылауға, ал күмәні сақталған жағдайда жоғары тұрған басшылыққа жүгінуге тиіс.
V БӨЛІМ. ӘДЕП КОДЕКСІНІҢ ҚОЛДАНЫЛУ ШЕГІ, ОНЫ БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖӘНЕ ОНЫ ҚАЙТА ҚАРАУ ТӘРТІБІ
Әдеп кодексінің қолданылуы
Осы Кодекс «Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС шегінде қолданылады және оның қызметкерлері үшін міндетті болып табылады.
Ұйым қызметкерінің жауапкершілігі
Кәсіби әдеп нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілік дәрежесін «Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС жанындағы Әдеп комиссиясы айқындайды.
Егер әдеп нормаларын бұзу бір мезгілде құқықтық нормаларды да қозғайтын болса, қызметкер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.
Әдеп кодексін қайта қарау және түсіндіру
Осы Кодекстің жекелеген ережелерін қайта қарау және түсіндіру «Экомед» ФИРМАСЫ ЖШС қызметкерлерінің ұсыныстарын ескере отырып, Әдеп комиссиясымен жүзеге асырылады.