Все заболевания

Аналық бездің апоплексиясы

Аналық без апоплексиясы — аналық без тінінде кенеттен пайда болатын, аналық без тінінің жыртылуымен және құрсақ қуысына қан кетумен қатар жүретін жедел қан құйылу. Бұл шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жедел гинекологиялық ауру. Аналық без апоплексиясы көбінесе 20-36 жас аралығында кездеседі. Барлық гинекологиялық патологиялардың ішінде апоплексия 1-3%-ды құрайды, яғни шамамен әрбір 25-30 мың әйелдің бірінде кездеседі. Аурудың қайталану жиілігі 50-65%-ға жетеді. Аналық без апоплексиясы, әдетте, етеккір циклінің II жартысында, аналық без тамырларының өткізгіштігі жоғарылап, аналық безге келетін қан мөлшері артқан кезде пайда болады.

Себептері

Апоплексияның дамуына бейімдейтін факторларға мыналар жатады: кіші жамбас ағзаларындағы қабыну процестері (аднексит); қанды сұйылтатын препараттарды ұзақ уақыт қабылдау; гормоналдық фонның бұзылуы.

Симптомдары

Ауру іштің төменгі бөлігінде кенеттен пайда болатын қатты жедел ауырсынудан басталады. Көбінесе ауырсыну физикалық жүктемеден кейін немесе жыныстық қатынас кезінде пайда болады, бірақ тыныштық жағдайында да туындауы мүмкін. Ауырсыну, әдетте, зақымданған аналық без жағында орналасады.

Одан әрі аурудың клиникалық көрінісі құрсақ қуысына қан кетуге байланысты дамиды: ауырсынудың қарқындылығы біршама төмендеп, ауырсыну бүкіл іш аймағына таралуы мүмкін; әлсіздік күшейеді, жүрек айнуы мен бас айналу пайда болады; тамыр соғысы жиілейді, артериялық қысым төмендеуі мүмкін.

Диагностикасы

Аналық без апоплексиясының диагностикасы кешенді түрде жүргізіледі. Шағымдарды жинау, анамнезді анықтау және пациентті гинекологтың тексеруінен бөлек, міндетті түрде УДЗ жүргізіледі. УДЗ кезінде құрсақ қуысындағы бос сұйықтық және аналық без құрылымындағы өзгерістер анықталуы мүмкін. Жалпы қан талдауында гемоглобин деңгейі мен эритроциттер санының төмендеуі байқалады.

Емі

Көп жағдайда емдеу хирургиялық жолмен жүргізіледі. Аналық бездің жыртылуынан қан кету болған жағдайда шұғыл хирургиялық араласу көрсетіледі: лапароскопия немесе лапаротомия, аналық безді тігу (немесе жыртылу көлемі үлкен болған жағдайда оны алып тастау), қан кетуді тоқтату.

Тек сирек жағдайларда — аналық без тініне қан құйылып, бірақ құрсақ қуысына қан кетпеген кезде — консервативтік ем жүргізіледі.

Аналық без апоплексиясына күдік туындаған пациенттер шұғыл түрде тәулік бойы жұмыс істейтін көпбейінді стационарға жеткізілуі тиіс.